📍 Облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаеваның төрағалығымен өткен әлеуметтік-мәдени даму, заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында өрт қауіпсіздігі және оның алдын алу мәселесі қаралды.
✔️ Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Айбат Жаңабергеновтің айтуынша, биыл облыс аумағында 109 өрт оқиғасы тіркеліп, материалдық шығын 39 млн теңгеден асты. Өрт салдарынан 1 адам қаза тауып, 4 адам жарақат алды.
🔹 Бүгінгі таңда облыс аумағында 0,02 га алаңда 1 орман өрті және 42 га алаңда 2 жану оқиғасы болған. Жыл басынан бері департамент мамандары 25 рейд жүргізген. Нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 25 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 8-іне ескерту берілсе, 17 тұрғынға 668 мың теңгеге айыппұл салынған.
🔸Отырыста сондай-ақ депутаттар Ақтөбе қаласының учаскелік инспекторларының бекітілген аумақтағы халықпен өзара іс-қимылы және отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесін де талқылады.
🔰Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов жыл басынан бері
өңірде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстар саны 13,4 есеге артқанын жеткізді. Отбасында жасалған 67 қылмыстың 48-і немесе 72%-ы сотқа жетпей өзара татуласуларына байланысты қысқартылған. Жыл басынан «102» операторына отбасындағы жанжалдар бойынша 1512 қоңырау түскен.
✅ Халықпен кері байланыс орнату үшін учаскелік полиция инспекторлары КСК төрағаларының ұйымдастыруымен тұрғындардың қатысуымен құрылған әлеуметтік желілердегі чаттар мен топтарда кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ тұрмыстық жанжалдардың алдын алу бойынша және азаматтардың жауапкершілігін арттыру бағытында үнемі ақпараттық жұмыстар ұйымдастырады.
⚜️ Отырыс соңында депутаттар облыста өрт оқиғаларының алдын алу, қауіпсіздік шараларын сақтау, отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықты болдырмау, халықпен үнемі кері байланыс орнату, инспекторлардың жұмысын оңтайландыру мәселелерін көтеріп, өз ұсыныс-тілектерін ортаға салды.