2025 жылғы 7 ақпан күні облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаеваның төрағалығымен облыстық мәслихаттың кезекті он сегізінші сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Асхат Шахаров, Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет, сондай-ақ басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты.
Сессия отырысында алдымен облыстық мәслихаттың “2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы” шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов облыстық бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту және қала бюджетінен игерілмеген трансферттерді қайтару есебінен қамтамасыз етілген нақтылаулар мен қосымша түсімдер негізінде бюджет қаражатын қайта бөлу жөніндегі жобаны ұсынды.
Жобаға сәйкес 38,1 млрд теңге облыстың бірқатар елді мекеннің газ және сумен жабдықталуы мәселелерін шешуге, жолдар бойынша 13 жобаны іске асыруға, қалада кәріз желілерін қайта жаңартуға, Мәртөк ауданы Достық ауылы мен Ырғыз ауданы Қалыбай ауылдарында екі мектеп, Шалқар мен Хромтаудағы спорт кешендерін салуға, Темір ауданының Шұбарқұдық кентінде жабық бассейн, Алтын Орда шағын ауданындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені және Кеңқияқ ауылында спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтауғабағытталды. Сондай-ақ, қаражаттың бір бөлігі Ақтөбеде 150 орындық оңалту орталығын салуға және басқа да міндеттерді жүзеге асыруға көзделді.
Сессияда облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева былтыр депутаттардың атқарған жұмыстары туралы есеп беріп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалардың табысты іске асырылғанын атап өтті.
Отырысты қорытындылаған облыс әкімі 38 млрд теңге маңызды салаларға: білім беру, денсаулық сақтау, спорт және инфрақұрылымға бағытталғанын атап өтті.
— Біз тұрғындармен кездескен кездегі көтерген мәселелерді шешеміз. Мен ай сайын барлық мәселені тікелей талқылау үшін азаматтарды қабылдап жүрмін. Сондай-ақ, өзекті мәселелерді шешу үшін депутаттармен белсенді жұмыс істейміз. Облыстың әртұрғыны нақты өзгерістерді сезініп, көз жеткізуіне тырысып бағамыз. Бүгінгі таңда бюджет қаражатын бөлгеннен кейін алдымызға қойылған мақсаттарды іске асыру үшін көпмүмкіндік бар. Өңірімізді дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастырып, азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға ұмтыламыз, - деді облыс әкімі.