
Ақтөбеде өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен облыстық мәслихат арасындағы ынтымақтастық туралы бірлескен меморандум аясында облыс аудандарына жұмыс сапарлары жалғасуда. Бұл тұрақты іссапарлардың мақсаты - ауыл кәсіпкерлігінің даму барысын бақылап қана қоймай, жергілікті жерлерде кәсіпкерлермен ашық әрі тікелей диалог орнату. Қарғалы ауданына кезекті сапар барысында Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов пен облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Нұрлан Махамбетов жергілікті кәсіпорындардың жұмысымен жан-жақты танысып, ауыл кәсіпкерлерін толғандыратын өзекті мәселелерді тыңдады. Кәсіпкерлермен өткен кездесулерге Қарғалы ауданының әкімі Нұрлыбек Өнербаев пен аудан әкімдігінің өкілдері де белсенді қатысты.
Жұмыс сапарының алғашқы нысаны "Медовик" шаруа қожалығының омартасы болды. Қазіргі таңда мұнда 77 ара ұясы бар. Шаруашылық басшысы Александр Сенацкий - өз ісіне берілген тәжірибелі маман. Ол Карпат және Карника тұқымындағы араларды өсіріп, биылғы маусымда 3 тоннаға дейін емдік қасиеті жоғары бал жинауды, сондай-ақ қыстайтын ара ұяларының санын 80-нен асыруды жоспарлап отыр. Өнімін үйінен және жәрмеңкелерде өткізіп келеді. Көшпелі омарта болғандықтан, балды өсімдіктерге қол жеткізуде қиындық жоқ.
Дегенмен омарташы саладағы өзекті мәселелерді де ашық айтты.
"Өңірдің ерекшелігіне байланысты маусым ішінде омартаны 5-тен 12 ретке дейін көшіруге тура келеді. Әрбір тұрақ шамамен 20 күнге созылады. Аптап ыстықта жергілікті жолдармен тасымалдау үлкен шығынға әкеледі: рамалар сынып, аралар мен аналықтар қырылады, ұялар қызып кетеді. Мұндай операциялық шығындар әсіресе ісін жаңа бастаған омарташылар үшін ауыр. Соның салдарынан бүгінде Ақтөбе облысында небәрі 800-ге жуық ара ұясы ғана бар. Салыстыру үшін айтсақ, Шығыс Қазақстан облысында бір ғана ауылда мыңнан астам ара ұясы кездеседі", - дейді кәсіпкер.
Кәсіпкердің ұсыныстарын тыңдаған Палата омарташылық саласын жүйелі қолдауға қатысты нақты бастамаларды тіркеді. Александр Сенацкийдің айтуынша, омарташыларға мал шаруашылығындағыдай қыстық азыққа жұмсалатын шығындарды субсидиялау және егістіктерді тозаңдандыру қызметі үшін төлем енгізу аса қажет. Мұндай қолдау, ең алдымен, шағын және орта шаруашылықтардың тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
"Мемлекеттік қолдаудың тиімділігі әлдеқашан дәлелденген. Бұрын асыл тұқымды шаруашылықтарды субсидиялау бағдарламасы жұмыс істеген кезде жергілікті кооператив мүшелерінің саны 12 адамнан 40 адамға дейін өсті", - деді Александр Сенацкий.
Палата мен мәслихаттың бірлескен сапарындағы келесі маңызды бағыт - мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау болды.
Шәмші Қалдаяқов ауылында делегация Елеусізовтер отбасының жылыжай шаруашылығында болды. "Ауыл аманаты" бағдарламасы арқылы ашылған жоба бүгінде сұранысқа ие қызғылт қызанақ өсірілетін 10 жылыжайға дейін кеңейген. Бұл - отбасылық кәсіптің жарқын үлгісі. Жеке кәсіпкер ретінде Гүлнар Елеусізова жұмыс істейді. Ол "Бастау Бизнес" жобасы бойынша білім алып, кәсібін кеңейтуге грант иеленген. Жұбайы Асылқан Ақтөбе қаласында жұмыс істесе де, күн сайын 40 шақырым жол жүріп, кешкісін жылыжай жұмысына көмектеседі. Сонымен қатар ауыл жастары да тұрақты түрде жұмысқа тартылады.
Кездесу барысында кәсіпкерлер өздерінің даму жоспарлары мен кездесіп отырған кедергілерді ортаға салды. Отбасы тек шикізат сатумен шектелмей, кептірілген қызанақ пен мұздатылған өнім шығаруды қолға алуды көздейді. Бұл үшін көршілес жер телімін алу арқылы жылыжай аумағын кеңейту мәселесінде жергілікті атқарушы органдар мен Палатаның қолдауы қажет екенін айтты.
Осы ауылда жұмыс тобы "АкТеп" ЖШС-нің қуаттылығы 5 мың тонна болатын заманауи көкөніс сақтау қоймасының жұмысымен де танысты. Еуропалық автоматтандырылған желдету және салқындату жүйелерімен жабдықталған алты блок-секциядан тұратын нысан өңірдің маусымаралық кезеңдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Серіктестіктің өз картоп алқаптары бар, қосымша жерлер болған жағдайда дақылдарды одан әрі кеңейтуге дайын.
Осындай кәсіпорындардың қызметін зерделеу Палата мен мәслихатқа жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнім өткізу және логистика мәселелерін тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді.
Жұмыс сапары Қосестек ауылында жалғасты. Мұнда делегация "Бастау Бизнес" жобасының тағы бір қатысушысы - "Моя семья" ЖК басшысы Наталья Родемен кездесті. Кәсіпкер 2018 жылы алғашқы грантқа ие болып, кейін "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы аясында 4,5 млн теңге көлемінде грант алып, наубайхана ашқан. Бүгінде бұл кәсіпорын Әлімбет, Ащылысай және Қосестек ауылдарын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.
Кездесу барысында Наталья Роде қаржылық жүктеменің жоғары екеніне тоқталып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндіруші кәсіпорын ретінде электр энергиясының тарифін төмендету жөнінде өтінім бергенін жеткізді. Бұл мәселенің оң шешілуі халық үшін нан бағасын қолжетімді деңгейде сақтауға мүмкіндік береді.
Өзекті мәселелерді жол бойындағы "Ақжол" дәмханасының басшысы Алёна Быкова да көтерді. Кәсіпорын Ақтөбе - Орск бағытындағы қарқынды автожол бойында орналасқан. Транзиттік көлік ағыны жоғары болғанымен, жұмыс күші жетіспегендіктен кемпинг қызметін толық көлемде дамыту әзірге мүмкін болмай отыр.
Жұмыс сапарының қорытындысын шығарған Дидар Боранқұлов пен Нұрлан Махамбетов Палата мен мәслихаттың меморандум аясындағы бірлескен сапарлары ауыл кәсіпкерлігінің нақты жағдайын көзбен көріп, кәсіпкерлердің мәселелерін тікелей тыңдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кәсіпкерлер көтерген барлық мәселелер - омарташылықты субсидиялау, жылыжайларға жер телімдерін бөлу, наубайханалар үшін электр энергиясы тарифін төмендету және басқа да ұсыныстар - тікелей бақылауға алынды. Бұл мәселелер аудан әкімдігі деңгейінде де, облыстық мәслихаттың бейінді комиссияларының отырыстарында да Өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшыларының қатысуымен жан-жақты қаралатын болады.
Өңірлік бизнестің мүддесін қорғау бағытындағы бірлескен жұмыс жалғасуда.