
Облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаеваның төрағалығымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті жиырма бесінші сессиясында 16 мәселе қаралды. Жиынға облыс әкімі Асхат Шахаров, сондай-ақ департаменттер мен басқармалардың басшылары қатысты.
Күн тәртібінде 2025 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қабылданған салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарын іске асыру, Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының 2025 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есебі, 2026–2028 жылдарға арналған облыстық бюджетті нақтылау, «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 2024–2029 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына өзгерістер енгізу және басқа да мәселелер қаралды.
2025 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қабылданған салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарын іске асыру және облыстық бюджеттің орындалуы туралы облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов баяндама жасады.
Оның айтуынша, өткен жылы облыстық бюджеттің кіріс жоспары 610,1 млрд теңгені құрады. Оның ішінде кірістер көлемі 550,8 млрд теңге болса, нақты түсімдер 551,2 млрд теңгеге жеткен. Осылайша, жоспар 101,1 пайызға орындалды.
Өткен жылы облыстық бюджеттің меншікті кірістері 105,4 млрд теңге көлемінде жоспарланған. Нақты түсімдер 113,2 млрд теңгені құрап, жоспар 7,8 млрд теңгеге артығымен орындалды. 2024 жылмен салыстырғанда өсім қарқыны 104,8 пайызды немесе 5,2 млрд теңгені құрады.
Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Қанат Кенжиннің айтуынша, тексеру комиссиясының бағалауы бойынша 2025 жылға арналған облыстық бюджет нормативтік-құқықтық актілер мен негізгі қағидаттарға сәйкес келеді.
Сессия барысында облыстық мәслихат депутаттары баяндамашыларға сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын білдірді. Сонымен қатар Айгүл Нұркеева мен Марат Қойлыбаев жергілікті атқарушы органдарға депутаттық сауалдарын жолдады.
Сессия жұмысын қорытындылай келе, облыс әкімі елімізде бюджет саласында жүргізіліп жатқан реформалар өңірлердің өкілеттіктерін кеңейтуге және мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалануға бағытталғанын атап өтті.
Оның айтуынша, бүгінде жергілікті деңгейге көбірек өкілеттік пен жауапкершілік жүктелуде. Бұл аумақтарды дамыту мәселелерін жедел шешуге және халықтың нақты қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік береді.