Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаттары бюджет қаражатының игерілмеуі себептерін талқылады

Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаттары бюджет қаражатының игерілмеуі себептерін талқылады

Облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Нұрлан Махамбетовтың төрағалығымен Ақтөбе облыстық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырыс барысында депутаттар 14 негізгі мәселені қарап, кезекті сессияның күн тәртібін қалыптастырды.

Негізгі мәселелердің бірі 2025 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы бойынша әкімдік пен Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының есептерін қарау болды. Депутаттар алдында облыстық қаржы басқармасының басшысы Ерік Тұрсынғалиев пен облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Қанат Кенжин баяндама жасады.

Талқылау барысында депутаттар бөлінген мемлекеттік қаражаттың игерілмеуі және уақытылы игерілмеу себептерін жан-жақты қарап, алдағы уақытта қаржылық бұзушылықтарға жол бермеу үшін атқарушы органдарға өз ескертулері мен ұсыныстарын білдірді.

Сонымен қатар, отырыста облыстық бюджетті нақтылау, Ақтөбе облысының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарына өзгерістер енгізу, жерлеу және зираттарды күтіп ұстауды ұйымдастыру қағидаларын жаңарту, сондай-ақ облыс әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссиялардың дербес құрамдарын өзгерту мәселелері қаралды.

Депутаттардың ұсыныстары мен түзетулері ескерілген барлық жобалар облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына енгізілді.