Кезектен тыс XXI сессия

Кезектен тыс XXI сессия

Қосымша қаражат: әр салаға нақты қолдау

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXI сессиясына облыс әкімі Асхат Шахаров пен облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева қатысты.

Сессия жұмысында тоғыз мәселе қаралды. Соның бірі — «Облыстық мәслихаттың 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатовтың айтуынша, бюджетті нақтылауда қарастырылған жобалар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған.

— Бюджетті нақтылау бюджеттік бағдарлама әкімшілері ұсыныстары негізінде 16,8 млрд теңгеге жүргізіледі. Биыл құрылыс басқармасына 3,3 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаржыға Шалқар қаласындағы Цеханович атындағы мектептің спортзалының, Қобда ауданы Әлия ауылындағы дене шынықтыру кешенінің, сондай-ақ Алтын Орда шағын ауданында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт кешенінің құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ Темір ауданы Шұбарқұдық кентінде кітапхана және Ырғыз ауданы Қалыбай ауылында 60 орындық мектеп салынады, — деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, энергетика саласында бірқатар ауылды газбен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады. Сонымен қатар облыстың бірнеше ауданында су құбырларын жүргізу мен көше шамдарын орнату жұмыстары жүргізіледі. Ақтөбе мен Қандыағаштағы көпқабатты үйлерді жөндеуге де қаражат бөлінеді.

Жол мәселесіне келсек, ауылішілік және жергілікті маңызы бар жолдар жөнделеді. Ақтөбе қаласында бірнеше жол құрылысы басталады. Сондай-ақ бірнеше ауданда жаңа жолдар салынады. Білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы салаларымен қатар, мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін көмекті арттыру үшін де қаражат қарастырылып отыр.Айталық, ауыл шаруашылығына қатысты қожалық иелеріне техника мен мал сатып алуға берілетін несиелердің пайызын өтеу, инвестициялық шығындардың бір бөлігін жабу, сонымен қатар азық-түлік қоры үшін қаражат қарастырылған.Бұдан бөлек әлеуметтік осал отбасылар үшін 557 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа облигациялық қарыз арқылы 8,5 млрд теңге көлемінде қаражат тартылады.

Сессия жұмысында бұдан бөлек облыс бойынша қоршаған ортаны қорғау жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту мәселесі де талқыланды. Депутаттар тарапынан сауалдар жолданып, құзырлы мекеме өкілдері нақты жауап берді.

Облыс әкімі Асхат Шахаров мәслихат сессиясында өңірдің даму жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, соңғы жылдары өңірде жаңа тұрғын үй кешендерімен қатар, мектептер мен балабақшалар салу ісі жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Келер жылы өңірдің білім беру саласына қосымша 2,5 миллиард теңге бөлініп, жеке және мемлекеттік мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайтылмақ. Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдар мен колледждерге қолдау көрсету жұмыстары жалғасады.

— Қазіргі таңда 350 миллион теңге бөлініп, жыл соңына дейін тағы 2 миллиард теңгеден астам қаржы игеріледі. Асылтұқымды мал шаруашылығына және ауылдық инфрақұрылымға қолдау жалғасады,— деген өңір басшысы халық тарапынан азық-түлік бағасына қатысты сын жиі айтылатынын тілге тиек етті. Бұл бағытта нақты шаралар қабылданып жатыр.

Облыс басшысының айтуынша, тұрғын үй бағыты бойынша биыл өңірде қосымша 2,1 миллиард теңге бөлініп, жыл соңына дейін 1000-нан астам жаңа баспана пайдалануға берілмек. Барлығы заң аясында кезек тәртібімен жүзеге асырылады.

Жол жөндеу жұмыстары да бақылауда. Биыл жолшылар облыста 533 шақырым жолды жөндеуге кірісті.Сөз соңында облыс әкімі барлық көтерілген мәселенің назардан тыс қалмайтынын атап өтті.