Ақтөбеде «Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы аясында бюджеттік қаражатты тиімді жоспарлау» тақырыбында республикалық семинар өтті.
Басқосудың өтуіне облыстық мәслихат және «Қазақстан мәслихат депутаттары бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды.
Іс-шараға облыс әкімі Асхат Шахаров, «Қазақстан мәслихат депутаттары бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев, еліміздің барлық өңірінен мәслихат төрағалары, тиісті министрліктердің өкілдері, экономика және қаржы басқармаларының басшылары, сарапшылар мен депутаттар қатысты.
Семинардың мақсаты — жаңа Бюджет кодексінің негізгі бағыттары мен жаңашылдықтарын талқылау, бюджеттік процестің тиімділігін арттыру.
Семинар жұмысына облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева модераторлық етті.
Алдымен сөз алған облыс басшысы қазіргі заман талабына сай бюджеттік қаражатты тиімді пайдалану ғана емес, сонымен қатар бюджеттік процестің барлық кезеңінде ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету керегін алға тартты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайда бюджеттік қаражаттың ашықтығы, тиімділігі және мақсатты пайдалану аса маңызға ие екенін атап өтті. Әрбір бөлінген ақша халыққа нақты пайда әкелуге тиіс. Бұл — біздің ортақ жауапкершілігіміз және жұмыстағы басымдықтарымыз. Жаңа Бюджет кодексінде өңірлердің дербестігін арттыруға және қаржылық шешімдер қабылдауда жауапкершілікті күшейтуге бағытталған маңызды өзгерістер енгізілген. Бұл — ресурстардың тұрғындар мүддесіне тиімді және рационалды пайдалануына бағытталған қадам, — деді облыс әкімі.
Жиында сөз алған «Қазақстан мәслихат депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев мәслихаттардың бюджет саясатын жүзеге асырудағы белсенді рөлін, өңірлерді дамытудағы басымдықтарын анықтау маңыздылығын сөз етті.
Басқосуда негізгі баяндаманы Ұлттық экономика министрлігінің Бюджет саясаты департаментінің Бюджет жүйесін дамыту әдістемесі басқармасының басшысы Альфия Алимбаева жасап, жаңа Бюджет кодексіндегі негізгі өзгерістер мен жаңалықтарды жан-жақты түсіндірді.
Семинар аясында стратегиялық жоспарлау және өңірлік стандарттар жүйесі, бюджеттік қаражатты тиімді игеру және мониторинг жүргізу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік — өңірлік инфрақұрылымды дамытудың тиімді тетігі, бюджеттік процестерде цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдану тақырыптары талқыланды.
Баяндамашылар қатарында Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері, сондай-ақ өңірлік басқармалар мен сарапшылар болды. Қатысушылар пікір алмасып, бюджеттік саясаттағы жаңа тәсілдер мен өңірлік тәжірибелермен бөлісті.