2025 жылдың 24 маусым күні облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Онда бірнеше мәселе қаралды.
✔️ Отырыста облыс әкімдігінің 2024 жылға арналған облыстық бюджеттің орындалуы туралы қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Н.Баймағамбетова, 2025–2029 жылдарға арналған Ақтөбе агломерациясын дамыту жөніндегі кешенді жоспары туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Н.Мақсатов, «Ақтөбе облысы бойынша жер учаскелерін жекеменшікке берген кездегі базалық төлемақы ставкаларын бекіту туралы» шешімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жер қатынастары басқармасының басшысы Н.Ержанов, т.б баяндама жасады.
🔹 Қаржы басқармасының деректеріне сүйенсек, 2024 жылға арналған облыстық бюджет кірістерінің жоспары 633,7 млрд.теңгені құраған. Оның ішінде облыстық бюджеттің түсімдері – 539,6 млрд.теңге, іс жүзінде 555,2 млрд.теңге түсті немесе жоспар 102,9%-ға орындалды. 2024 жылға арналған облыстық бюджеттің меншікті кірістері 92,3 млрд.теңгеге жоспарланса, нақты кіріс 108,0 млрд.теңгені құрады немесе 117,0%-ға орындалды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 125,5%-ға немесе 22,0 млрд.теңгеге артық.
🔸 Отырыста сондай-ақ облыстық мәслихаттың жылыту маусымына дайындық, су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы төлеу, қоршаған ортаға теріс әсер ету үшін төлемақы ставкаларын көтеру туралы шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелер де талқыланды.
▪️Жиында тұрақты комиссия төрағасы Н.Махамбетов облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының (бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік тобы) есебін баяндады.
🔻Отырыс соңында депутаттар аталған мәселелер бойынша басқарма басшыларына сауалдарын қойып, ұсыныс-тілектерін жеткізді.