Абай облысының делегациясы Шыңжаңда ресми кездесу өткізді

Абай облысының делегациясы Шыңжаңда ресми кездесу өткізді

Абай облысының әкімі Берік Уәли бастаған делегация Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің Алтай қаласына барды. Делегация құрамында облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков, депутаттар, бизнес және білім саласының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер бар.

Сапар аясында делегация Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарының өкілдерімен бірге ШҰАӨ партия комитетінің хатшысы Ма Синжуй төрағалық еткен ресми жиынға қатысты. Кездесуге Алтай, Тачэн, Бұратола округтері мен Іле қазақ автономиялы облысының басшылары да келді.

Сондай-ақ, өңірде Қытай капиталы есебінен жүзеге асып жатқан төрт ірі жоба таныстырылды. Олар: мыс балқыту зауыты, ағаш өңдеу комбинаты, көмір-химия кешені және жел электр станциялары.

Абай облысы тарапынан «Семей–Үрімші», «Семей–Шәуешек» бағыттары бойынша әуе рейстерін ашу және «Аягөз–Тачэн» темір жолын іске қосуды ұсынылды. Өз кезегінде, Ма Синжуй бастамаларға қолдау білдіріп, Абай облысына жұмыс сапарымен келуге ниетті екенін айтты.