Аймақ орталығында 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жалғасуда. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Семейде мерекелік бағдарламалар легі өтіп жатыр.
Салтанатты күн Жеңіс саябағындағы «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, облыс мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков, соғыс және тыл ардагерлері, құқық қорғау органдары мен әскери бөлімдердің қызметкерлері, сондай-ақ «Жас Ұлан» әскери мектебінің курсанттары қатысты.
Рәсім барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріліп, Әнұран шырқалды. Даңқ гирляндасы мен гүл себеттері қойылып, майдан даласында ерлікпен қаза тапқандардың рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етілді.
Сондай-ақ қатысушылар назарына соғыс жылдарын бейнелейтін тақырыптық көрме және дәстүрлі майдан ботқасынан дәм ұсынылды.
Мерекелік шара «Жеңіс күні» атты концерттік бағдарламамен жалғасты.