
Облыс әкімі Берік Уәли мен облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков Қайнар ауылына жұмыс сапары аясында, ауыл тұрғындарымен бірге сенбілікке қатысты.
“Тазалық – тәртіп пен жауапкершіліктің көрінісі” деген ұстанымды басшылыққа алған облыс әкімі мен мәслихат төрағасы сенбілікке қатысып қана қоймай, екі жеңін түріп, қолына күрек алып ағаш отырғызды. Осылайша олар тұрғындарға үлгі көрсетіп, өңір халқын белсенділік танытуға үндеді.
Тазалық шарасына жергілікті тұрғындармен қатар, облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер мен еріктілер белсене атсалысты. Ауылдың көшелері тазартылып, жасыл желекпен толықты.
Айта кетейік, облыс әкімдігінің бастамасымен өңірдің барлық аудан, ауылдарында сенбілік өткізу жалғасын табуда. ӨЖалпыөңірлік сенбілік аясында «Үздік аудан», «Үздік аула», «Үздік мекеме» номинациялары бойынша байқау жарияланған болатын. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталмақ.