
Сессия барысында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек 2024 жылы әлеуметтік қолдауға 29,9 млрд теңге бөлінгенін хабарлады. Өткен жылы облыста 25 мыңнан астам жұмыс орны ашылса, биыл 22 885 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Үржар және Көкпекті аудандарының әкімдері сессияға бейнебайланыс арқылы қатысып, есеп берді. Екі ауданда денсаулық сақтау, білім, мәдениет, жарықтандыру және ауыл шаруашылығы салаларында бірқатар жобалар іске асқан.
Депутаттар аудан әкімдеріне жобалық-сметалық құжаттаманың құнын негізсіз өсірмеу, құрылыс сапасын қамтамасыз ету, сумен жабдықтау және мәдениет нысандарын уақытылы іске қосу жөнінде нақты ұсыныстар айтты.
Сессияда Абай облыстық жер комиссиясының жаңартылған құрамы бекітілді. Оған мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер палатасының өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері мен мемлекеттік органдардың мамандары енді.
Сондай-ақ елді мекендерді көгалдандыру және жасыл желектерді күтіп-баптау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Депутаттар тарапынан ономастика, көшелерді абаттандыру, мектептер салу және қоғамдық көлік мәселелері бойынша сауалдар жолданды. Қорытындысында басқармалар мен аудан әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берілді.
Облыс әкімі Берік Уәли сессияда көтерілген ұсыныстардың назарға алынатынын айтып, мәслихат пен жергілікті атқарушы билік арасындағы ынтымақтастық жалғасатынын жеткізді.
Сонымен қатар, жиында облыста Жастар істері және Туризм басқармаларын құру жоспарланып отырғаны мәлім болды.