Абай облысының мәслихат төрағасы Жарма ауданында жұмыс сапарымен болды

Абай облысының мәслихат төрағасы Жарма ауданында жұмыс сапарымен болды

Абай облысы мәслихатының төрағасы Шалқар Байбеков Жарма ауданына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі ірі өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралады.

Алдымен төраға Әуезов ауылында орналасқан «Қамқор Локомотив» ЖШС локомотив жөндеу депосына барып, кәсіпорынның даму жоспарларын талқылады.

Сондай-ақ, мәслихат төрағасы цемент өндіретін «SHARCEM» зауытының жұмысымен танысты. Ағымдағы жылы кәсәпорын шикізат өңдеу көлемін 1 миллион тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр.

– Облыс әкімі Берік Уәли атап өткендей, өңірдің тұрақты дамуы – ортақ міндетіміз. Бұл ретте өндіріс орындарының рөлі ерекше. Жалақы уақытылы төленіп, кәсіпорындар салықтық міндеттемелерін толық орындауы қажет. Өндіріс көлемін ұлғайтып, өнеркәсіпті дамытуға басымдық беруіміз керек, – деп атап өтті мәслихат төрағасы.

Бұдан бөлек, іс сапар барысында Шалқар Байбеков «Бақыршық тау-кен байыту» кәсіпорнына барып, серіктестік басшылығымен пікір алмасты. Аталған кәсіпорын, іске қосылған уақыттан бері мұнда 70 тонна алтын концентраты өндірілген. Қазіргі уақытта зауытта 1500-ден астам адам жұмыс істейді.

Сонымен қатар, мәслихат төрағасы өткен жылы салынған модульді спорт кешенін аралады. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Бақыршық тау-кен кәсіпорны» ЖШС қолдауымен бой көтерген әмбебап кешенде балалар мен жастар волейбол, баскетбол, футбол сияқты спорт түрлерімен белсенді айналысуда.

Сапар соңында маслихат төрағасы «Сарыбас» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. 2006 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан еңбекқор азамат бүгінде 700 бас ірі қара өсіруде. Өткен жылы қожалық сүт зауытына 300 тонна өнім тапсырған.