
Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай «Жаңа Конституция: орнықты дамудың институционалдық және құқықтық негізі» ғылыми-практикалық конференция өткізді.
Конференцияға мемлекеттік органдардың, Парламенттің, сот жүйесінің, адвокатураның, халықаралық ұйымдардың, ғылыми және сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері, сондай-ақ еліміздің және шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары мен сарапшылары қатысты.
Астанадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының ғимаратында іс-шараға Абай облысы мәслихатының төрағасы Шалқар Байбеков қатысты. Абай облысы мәслихатының депутаттары, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшелері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері конференция жұмысына бейнеконференция байланысы арқылы қосылды.
Конференцияны Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының төрағасы Эльвира Азимова ашып, жаңа Конституцияның күшіне енуі еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Ата заң құқықтық жүйені, мемлекеттік басқаруды және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдірудің стратегиялық бағдарларын айқындайды.
Конференция барысында жаңа Конституцияны іске асырудың заңнамалық тетіктері, мемлекеттік басқаруды жетілдіру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, сот төрелігіне қолжетімділік, адам құқықтарын қорғау, цифрлық құқықтар, құқықтық мәдениетті дамыту және Қазақстан Республикасының Конституциясына ғылыми комментарий әзірлеу мәселелері талқыланды.
Іс-шара соңында қатысушылар жаңа Конституцияның Қазақстанның орнықты дамуының берік институционалдық және құқықтық негізі болатынын атап өтті.
АБАЙ ОБЛЫСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ