Еліміздің қос палаталы Парламентінің соңғы бірлескен отырысы өтті

Еліміздің қос палаталы Парламентінің соңғы бірлескен отырысы өтті

Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының VIII сайланған Парламенттің төртінші сессиясының жабылуына арналған бірлескен отырыс өтті. Отырысқа Абай облысы мәслихатының төрағасы Шалқар Байбеков қатысты.

Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы қос палаталы Парламенттің соңғы бірлескен отырысы болды. Жиында Мемлекет басшысы Парламенттің отыз жылдан астам уақыт ішінде мемлекеттілікті нығайтуға, құқықтық жүйені қалыптастыруға және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.

Мемлекет басшысы атап өткендей, осы кезеңде 3,5 мыңға жуық заң қабылданды. Кейінгі үш жылдың өзінде 300-ден астам маңызды заң күшіне еніп, олардың қатарында жаңа Конституцияны іске асыруға бағытталған конституциялық заңдар мен өзге де заңнамалық актілер бар.

Президент жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудағы жаңа кезеңнің басталуы екенін атап өтті. Осыған сәйкес 1 шілдеден бастап еліміз жаңа конституциялық модельге көшіп, қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай жұмысын бастайды.

Жиын барысында Мемлекет басшысы барлық шақырылымдағы Парламент депутаттарына елдің құқықтық негізін қалыптастыруға және Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, жаңа Конституцияның елдің одан әрі дамуына берік негіз қалайтынын атап өтті.

 

АБАЙ ОБЛЫСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ