
Абай облысында Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырысты кеңес төрағасы Мейрамхат Айнабеков ашты. Жиынға кеңес мүшелері мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жауапты сала өкілдері баяндама жасады. Мақаншы ауданы әкімінің орынбасары Әлия Сарбаева ауданның 2026–2027 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуы және Алакөл жағалауында жазғы демалыс маусымын ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Кеңес мүшелері туризм инфрақұрылымы, санитарлық жағдай, жағалауды абаттандыру, медициналық қызмет көрсету және кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін көтерді.
2026 жылы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға дайындық барысы туралы Абай облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Құрманова баяндады. Кеңес мүшелері балалардың қауіпсіздігі, тамақтану сапасы, демалыспен қамту деңгейіне қатысты сұрақтар қойды. Сондай-ақ өзен-көлдердегі қауіпсіздікті күшейту бойынша жауапты органдарға ұсыныстар білдірілді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа тұжырымдамасына қатысты ұсыныстар жөнінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қайрат Сапарғалиев сөз сөйледі. Ол жаңа тұжырымдама аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, цифрлық бақылауды күшейту, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру және мемлекеттік қызмет көрсету ашықтығын арттыру бағыттары қарастырылып жатқанын атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша қаралған мәселелерге қатысты ұсынымдар қабылданып, тиісті қорытынды жасалды.
АБАЙ ОБЛЫСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ