Жиынға 500-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында өңірдің қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестердің мүшелері, саяси партиялар, Қазақстан халқы Ассамблеясы, ардагерлер ұйымдары, кәсіпкерлер, білім беру, денсаулық сақтау, спорт салаларының өкілдері, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы және жастар болды.
Жиынды облыс әкімі Берік Уәли ашып, Жаңа Конституция жобасын кеңінен талқылаудың маңызын атап өтті.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин құжатты әзірлеу барысы ашық жүргізілгенін айтты. Ол ұсынылып отырған өзгерістер басқару жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға, билік тармақтарының өкілеттігі мен жауапкершілігін нақты айқындауға бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ жобада цифрлық трансформация, адам капиталын дамыту, білім, ғылым және инновацияларды қолдау елдің ұзақмерзімді дамуының басты басымдықтары ретінде бекітілгенін айтты.
Мәжіліс депутаттары Нұртай Сабильянов, Ерлан Саиров және Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова экономикалық, әлеуметтік және білім беру салаларындағы өзгерістерге тоқталды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратқазы Алин Жаңа Конституция ұлттық мәдениет пен дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар белсенді пікір алмасып, Жаңа Конституция жобасы қоғамның әділдікке, тұрақтылыққа және тиімді мемлекеттік басқаруға деген сұранысын көрсететінін айтты. Жиын соңында Абай облысының жұртшылығы Жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын білдірді.
АБАЙ ОБЛЫСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ