Абай облысы мәслихатының төрағасы Шалқар Байбеков алдағы республикалық референдум қарсаңында аға буын өкілдерімен жүздесіп, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары жөнінде баяндады. Іс-шара жауапты кезең алдында ақсақалдардың батасын алып, парасатты пікірін тыңдау мақсатында ұйымдастырылды. Кездесуге 70-тен астам ардагер қатысты.
Жиында Шалқар Байбеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жарлығымен басталған жалпыұлттық референдумның маңызын атап өтті. Жаңа Конституция жобасының ел болашағына ықпалы, әділетті қоғам қалыптастырудағы рөлі және азаматтық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған тетіктері жан-жақты түсіндірілді.
Кездесуді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Алин жүргізді. Өңірдің құрметті азаматтары сөз алып, реформаның тарихи мәніне тоқталды. Ардагерлер тарихи сабақтастық, мемлекет тұрақтылығы, жастар тәрбиесі мен ұлттық бірлік мәселелерін көтеріп, өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып байыпты пікір білдірді.
«Құрмет» орденінің иегері, Абай облысына еңбек сіңірген төсбелгі иегері, Семей қаласының Құрметті азаматы Зейнолла Тоқаев бүгінгі өзгерістердің мәні терең екенін айтып, жастарды референдумға белсенді қатысуға шақырса, «Құрмет» орденнің иегері, Абай облысына еңбек сіңірген Төс белгісінің иегері, Семей қаласы мен Абай ауданның Құрметті азаматы Отантай Қәрібжанов жаңа редакциядағы өзгерістерді ауқымды жаңғыру ретінде сипаттады. Оның пікірінше, бұл – ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды құжат, ал белсенділік таныту – әр азаматтың жауапкершілігі.
Ардагерлер халық болашағына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымдарын көрсетіп, ел бірлігі мен берекесін тілеп, бата берді.
Абай облысы мәслихатының баспасөз қызметі