Абай облысы мәслихатының төрағасы Шалқар Байбеков Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде педагогикалық ұжым және студенттермен кездесу өткізді. Жиын елімізде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформа аясында ұйымдастырылып, 15 наурызда өтетін республикалық референдумға дайындыққа арналды. Алғашқы кездесу 120 жылдан астам тарихы бар Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж қабырғасынан бастау алды.
Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия мүшесі ретінде Шалқар Байбеков комиссия отырыстарында Конституцияның барлық бөлімі қаралып, жаңа Ата Заң жобасы қоғамның кең қатысуымен әзірленгенін айтты.
Іс-шарада жаңа редакциядағы Ата Заң жобасының әзірлену барысы кеңінен таныстырылды. Сондай-ақ құжаттың түпнұсқасы қазақ тілінде әзірленгеніне ерекше назар аударды.
Талқылау барысында адам құқықтарын күшейту, білім мен ғылымды мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде бекіту, азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау, зияткерлік меншік құқығын конституциялық деңгейде айқындау, білім беру жүйесінің зайырлы сипатын нақтылау мәселелері қозғалды. Сонымен қатар бір палаталы Құрылтай құру, Қазақстанның Халық Кеңесін қалыптастыру және вице-президент институтын енгізу жөніндегі ұсыныстар түсіндірілді.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Колледжде 400-ден астам сайлаушы бар. Шалқар Байбеков педагогикалық қауымның құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы рөліне ерекше тоқталып, білім мен ғылымның Конституциялық деңгейде бекітілуі Абай облысы үшін стратегиялық маңызға ие екенін айтты.
Кездесу қорытындысында қатысушылар референдумның ел болашағы үшін маңызды саяси шешім екенін атап өтіп, жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді.
АБАЙ ОБЛЫСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ