
Бүгін Конституциялық комиссияның қорытынды отырысы өтті. Абай облысынан комиссия жұмысына мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков және облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Мейрамхат Айнабеков қатысты. Бірнеше айға созылған ауқымды жұмыс қорытындыланды. Соңғы отырыста Комиссия мүшелері жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары бойынша пікір білдіріп, құжаттың мазмұны мен маңызын саралады.
Отырыс барысында тұрғын үйге қол сұғылмаушылық кепілдіктерін күшейту мәселесі қозғалды. Бұл – әр азаматтың жеке кеңістігін қорғауға бағытталған маңызды норма. Жоба бостандық, тәртіп, заңдылық және өзара жауапкершілік қағидаттарына негізделген. Онда құқық пен міндет тең қарастырылып, азамат пен мемлекеттің арасындағы жауапкершілік тепе-теңдігі айқындалған.
Партия фракцияларының жетекшілері мен депутаттар ұсынылған өзгерістердің институционалдық сабақтастықты қамтамасыз ететінін, қоғамның негізгі сұраныстарын қамтитынын атап өтті. Жоба халық бірлігінің нәтижесі ретінде бағаланып, оны жалпыхалықтық референдумға шығару жөнінде ұсыныс білдірілді. Бұл – шешімді халықтың өзі қабылдауға тиіс деген ортақ ұстаным.
Комиссия жетекшісі Эльмира Әзімова жобаны референдумға шығаруды ұсынды.
Абай облысы мәслихатының төрағасы Шалқар Байбеков: «Біз үшін бұл жұмыс – үлкен жауапкершілік. Құжатты тек құқықтық акт ретінде емес, ел болашағының негізі ретінде қарастырдық. Әр ұсыныс сараланды, әр пікір ескерілді. Сондықтан жобаны референдумға ұсынуға толық негіз бар деп есептеймін. Ендігі сөз – халықта. Ата заң – бүкіл елдің ортақ құжаты».