
Облыс әкімі Берік Уәлидің қатысуымен өңір активімен кездесу өтті. Жиынға Абай облысы мәслихатының төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшелері Шалқар Байбеков пен Қоғамдық кеңес төрағасы Мейрамхат Айнабеков қатысты.
Кездесуді облыс әкімі ашып, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды Конституциялық реформаның ел дамуы үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Өңір басшысы жаңа Ата Заң жобасы қоғам өмірінің барлық саласына тікелей әсер ететінін, бұл үдерісте өкілді органдар мен азаматтық қоғамның белсенді қатысуы маңызды екенін жеткізді.
Шалқар Байбеков Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның атқарған жұмысы туралы баяндады. Комиссияның құрылуы, жұмыс форматы және жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысына кеңінен тоқталды. Жаңа редакциядағы Конституцияның құрылымдық ерекшеліктерін атап өтіп, Преамбуланың мазмұнына, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған жаңа нормаларға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге арналған өзгерістерге жеке-жеке тоқталды. Сондай-ақ цифрлық ортадағы құқықтарды қорғау, зияткерлік меншік құқығын конституциялық деңгейде бекіту, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипатын нақтылау сияқты жаңашылдықтардың маңызын айтты.
Сонымен қатар жиында Қоғамдық кеңес төрағасы Мейрамхат Айнабеков ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің қоғамдық маңызына тоқталып, реформалардың билік пен халық арасындағы сенімді нығайтуға бағытталғанын жеткізді.
Алдағы кезеңде комиссия жұмысы жалғасады. Жаңа Конституция жобасы әлі толық бекітілген жоқ. Осыған байланысты облыс әкімі оның мәні мен мазмұнын қоғамға дұрыс әрі ашық жеткізу, негізгі өзгерістердің маңызын жан-жақты түсіндіру аса маңызды екенін айтты.
Абай облысы мәслихатының баспасөз қызметі