
Сұхбатта Президент экономикалық реформалардың мәнін, әлеуметтік әділдік қағидаттарын, инфляциямен күрес, салық саясаты, энергетика мен инфрақұрылымды жаңғырту, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, туризм, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы маңызды бағыттарды нақты әрі түсінікті түрде атап өтті. Мемлекет басшысы барлық өзгерістің түпкі мақсаты азаматтардың әл-ауқатын арттыру және қоғамда әділдік пен жауапкершілікті орнықтыру екенін баса айтты.
Сонымен қатар алдағы кезеңде ел тағдырына тікелей әсер ететін ауқымды саяси реформалардың жаңа кезеңі басталатындығына тоқталды. Бұл ретте заң шығару жүйесін жаңғырту, Парламент жұмысының тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше мән берілді.
Мұндай жүйелі өзгерістер Конституцияға түзетулер енгізуді қажет етеді. Президенттің айтуынша, алдағы конституциялық реформа жекелеген нормаларды ғана емес, тұтастай алғанда елдің саяси-құқықтық негіздерін заман талабына сай жаңғыртуға бағытталады. Бұл өзгерістер жалпыұлттық келісімге сүйеніп, қоғамдық талқылау арқылы жүзеге асырылады.
Президент көтерген «Заң мен Тәртіп», еңбекқорлық пен әлеуметтік жауапкершілік қағидаттары орталық деңгейдегі саясатпен қатар, жергілікті өкілді органдардың күнделікті жұмысының да басты бағыты болуы тиіс. Мәслихаттар үшін бұл – қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға, бюджеттік тәртіпті нығайтуға және халықтың нақты сұранысына негізделген саясат жүргізуге берілген айқын бағдар.
Өңірлік мәслихат ретінде біз Мемлекет басшысы айқындаған реформалар бағытын толық қолдаймыз және олардың жергілікті деңгейде тиімді іске асуына депутаттық корпус пен атқарушы органдардың бірлескен жұмысы арқылы өз үлесімізді қоса береміз.
Абай облысы мәслихатының төрағасы Шалқар Байбеков