
Абай облысы мәслихаты аудандардағы өкілдік органдардың жұмысын ашық көрсету мақсатында аудандық мәслихаттардың қызметі туралы ақпарат ұсынады.

Мақаншы аудандық мәслихатының құрамында 6 депутат бар: 5 депутат – «AMANAT» партиясынан, 1 депутат – «Respublica» партиясынан. Мәслихат төрағасы – Болат Өтегенұлы Биболов.
2024 жылы мәслихат 16 сессия өткізіп, 112 шешім қабылдады. Биыл 12 сессия өтіп, 87 шешім қабылданды. Отырыс барысында ауданның құрылымы, бюджеті, инфрақұрылым мәселелері, жол, су жүйесі, әлеуметтік нысандардың жағдайы, ауылдық округтердің дамуы сияқты жергілікті маңызы бар мәселелер қаралды.
Депутаттар тарапынан 31 депутаттық сауал жолданды. Сауалдар Мақаншы ауылының айналма жолын жөндеу, ауыл ішіндегі көшелерді қалыпқа келтіру, жарықтандыру орнату, Қабанбай, Бекет, Қарабұта ауылдарындағы су жүйелерін жаңарту, Қарабұлақ ауылына спорт модулін салу, «Қазпошта» бөлімшесінің қызметін сақтау, Көктерек ауылында мәдениет үйін салу, балабақшаға қатысты жұмыстарды жеделдету, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол белгілерін жаңарту сияқты мәселелерді қамтыды.
Осы сауалдардың негізінде бірқатар жұмыс атқарылды: бірнеше ауылдағы жолдар жөнделді, көше жарығы орнатылды, су құбырына қатысты жобалар іске асып жатыр, пошта бөлімшесі қызметін жалғастырып отыр, спорт модулі мен мәдениет үйінің құрылысы жоспарға сай жүргізіліп келеді.
Депутаттар «Мектепке жол», «Ардагерлерді ардақтайық» акцияларына белсенді қатысады. Жыл басынан бері 86 тұрғын қабылданып, олардың 51 мәселесінің шешілуіне ықпал жасалды. Қалған өтініштер бойынша тиісті органдармен жұмыс жалғасып жатыр.