Абай облысының әкімі Берік Уәли жұмыс сапарымен Ақсуат ауданына барып, бірқатар елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысты. Сапар барысында облыс әкімімен бірге облыстық мәслихаттың төрағасы Шалқар Байбеков те болды.
Ақсуат ауылында өткен жиында аудан әкімі Ерсін Ескендіров әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді баяндады. Облыс әкімі аймақ дамуы мен алдағы жоспарларды айтып, халықтың ұсыныстарын тыңдады. Ақсуат ауылында су құбырларын ауыстыру, кәріз жүйесін жаңарту, көшелерді жарықтандыру, мектептерді жөндеу, жаңа үйлер салу, ауруханаға медициналық техника алу сияқты маңызды жобалар іске асуда. Сонымен қатар, орталықтағы жаңа аллея құрылысы да облыс басшысының назарында болды. Аллеяда балалар алаңы, жаяу жүргіншілер жолдары, субұрқақ пен гүлзарлар салынып, 100 түп ағаш отырғызылды.
Кіндікті ауылында облыс әкімі Ғани Мұратбаев атындағы мектептің 60 жылдығына орай ұжымға LED экран сыйға тартты. Ұстаздарға Алғыс хат табыс етілді.
Көктүбек ауылында жаңа медициналық пункт ашылып, заманауи жабдықтар орнатылған. Тұрғындар интернет байланысы мен спорт залы мәселесін көтеріп, ол да облыс басшысының бақылауына алынды.
Сәтбаев ауылында аймақ басшысы ауылдық клубтың жағдайымен танысты. Тұрғындар жаңа мәдениет үйінің қажеттігін айтты. Бұл мәселені демеушілерді тарта отырып шешу тапсырылды.
Қызылкесік ауылында «Еркеназ» балабақшасында болды. Мұнда балалар саны артып келе жатқандықтан, ғимаратты кеңейту, қосымша кабинеттер ашу жұмыстары жүргізілуде.
Үштөбе ауылындағы «Өкпеті» мектебінде тұрғындармен кездесу өтті. Халық жол мен интернет мәселесін көтерді. Аймақ басшысы бұл түйткілдердің кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.
Сапар барысында аудан тұрғындары жеке мәселелерімен де облыс әкіміне жүгінді. Жедел жәрдем көліктерін жаңарту, оңалту орталығына жаңа ғимарат салу сынды ұсыныстар қаралды.
Мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков барлық кездесулерге қатысып, аудан тұрғындарының көтерген мәселелерін мәслихат деңгейінде назарға алып, шешімін табуға үлес қосатынын жеткізді.