Абай облысындағы Абайдың 180 жылдығына арналған мерейтойлық онкүндік ұлы ақынның туған жері – Абай ауданында қорытындыланды. Биылғы мерейтой алғаш рет жаңа форматта, он күн бойы үздіксіз өтіп, ел тарихындағы елеулі мәдени оқиғаға айналды.
Дүбірлі тойға ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Абай облысының әкімі Берік Уәли, Сенат пен Мәжіліс депутаттары, Үкімет мүшелері, шетелдік делегациялар және еліміздің барлық өңірінен мәслихат төрағалары қатысты.
Қонақтар мерекелік бағдарлама аясында сахналық театрландырылған қойылымды, сондай-ақ Қарауылтөбеде өткен «Жеті қазына» фестиваліндегі жорға жарысы, топ бәйге, аламан бәйге, қазақ күресінен «Түйе палуан» және «Өгіз палуан» сайыстарын тамашалады.
Бұдан бөлек, делегация өкілдері қолөнершілер көрмесін аралап, этноауыл экспозициясымен танысты.
Мәслихат төрағалары мен қонақтар өңір басшылығына және ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, мерекенің жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
Мерейтойлық онкүндік Қарауылтөбеде өткен «Желсіз түнде жарық ай» атты гала-концертпен түйінделді.