Семейде Абайдың 180 жылдығына орай Түркістан облысының мәдени күндері өтуде

Семейде Абайдың 180 жылдығына орай Түркістан облысының мәдени күндері өтуде

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мерекелік онкүндік аясында Семей қаласында Түркістан облысының мәдени күндері басталды. Осыған орай 2–3 тамыз күндері ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Түркістаннан жеткізілген 540 тоннадан астам табиғи әрі сапалы өнім жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарына қолжетімді бағамен ұсынылуда. Таңертеңнен бері жәрмеңке алаңына ағылған халықтың қарасы қалың.

Сауда алаңын Абай облысының әкімі Берік Уәли мен облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков аралап, тауар өндірушілердің өнімдерімен танысты.

Жәрмеңкемен қатар, ұлттық қолөнер көрмесі де ұйымдастырылған. Мұнда киіз үй жабдықтары, зергерлік бұйымдар мен дәстүрлі кәдесыйлар жұрт назарына ұсынылуда.

Түркістаннан келген өнер ұжымдарының концертінде тұрғындар «Тұмар» этно-фольклорлық ансамблі мен «Фараб» би тобының өнерін тамашалай алады. Сондай-ақ, төрт павильоннан тұратын арнайы тағам аймағы жұмыс істеуде.