Абай облыстық мәслихатының XXIX кезектен тыс сессиясы өтті

Абай облыстық мәслихатының XXIX кезектен тыс сессиясы өтті

Жиынға депутаттардан тыс облыс әкімі Берік Уәли, басқарма басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде Абай облысының 2025-2027 жылдарға арналған бюджеті туралы шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Сессия барысында бюджеттік жоспардың орындалуы, қаражаттың тиімді игерілуі, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар мен инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы жайлы кеңінен сөз қозғалды.

Облыс әкімі Берік Уәли өз сөзінде ұсынылған өзгерістер жобасында өңір үшін өзекті мәселелерге қаржы бағытталғанын атап өтті.

– Бюджет басымдықтарының алғашқы қатарында ауыз су мәселесі тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл 28 500 адамды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуіміз қажет. Сонымен қатар, тозығы жеткен су желілерін кезең-кезеңімен жаңарту мақсатында 28 жобаға қаржы бөлініп отыр, – деді облыс басшысы.

Сондай-ақ, әкім әлеуметтік саладағы бюджеттік мекемелердің коммуналдық шығындарын өтеуге қажетті қаржы қарастырылғанын айтты. Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында Семей және Курчатов қалаларындағы, сондай-ақ Аягөз бен Жарма аудандарындағы жылу қазандықтары мен инженерлік желілерге жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Сессияда халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру шаралары туралы да айтылды. Қазіргі таңда бұл санатта 7 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Биыл олардың кемінде 1 000-на дейін баспана беру көзделіп отыр.