
Абай облысы мәслихатының төрағасы Шалқар Байбековтың жұмыс сапары жалғасын тауып, Көкпекті ауданына ат басын тіреді. Сапар аясында Көкпекті және Шәріптоғай ауылдарындағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Іссапар барысында мәслихат төрағасы алдымен Көкпекті аудандық ауруханасына барды. Нысанның шатыры мен жылу жүйесі 2024 жылы күрделі жөндеуден өткен. Сонымен қатар, ауруханаға қажетті заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алынған. Қазіргі уақытта ғимараттың қасбетін жөндеу және кіреберіс тобының құрылысын қайта жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Келесі нысан – жуырда пайдалануға берілген төрт жолақты жүзу бассейні болды. Заманауи спорттық инфрақұрылымға сай жабдықталған нысан бүгінде толыққанды жұмыс істеп тұр.
Сапар аясында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстар да назарға алынды. Аудан аумағында көгалдандыру, ағаш отырғызу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аудан басшылығы бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.