Бүгін, 15 мамыр күні «Ақтау - Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған Аналар кеңесінің «Ана. Қоғам. Болашақ» тақырыбында халықаралық форум өтті.
Форумға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Анастасия Щегорцова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия елдерінен делегаттар және республиканың әр өңірінен келген Аналар кеңесінің өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.
Жиында сөз алған Тілеген Әбішев аналар кеңесінің отбасы құндылықтарын сақтауда, ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығына тоқталды.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Аналар кеңесі отбасы институтын нығайтуға, жалпыұлттық құндылықтарды насихаттауға айрықша үлес қосып отырғанын атап өтті. Расында да, отбасы – мемлекеттің іргетасы десек, сол іргетасты берік ұстайтын да – ана. Қазіргі таңда Аналар кеңесі ұлттық құндылықтарды насихаттаумен қатар, қоғамның ең өзекті мәселелеріне араласып, нақты жобаларды жүзеге асырып келеді. «Салауатты сана» бастамасы арқылы бес бірдей кеселге – ысырапшылдық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, лудомания, вандализм және нашақорлыққа қарсы нақты іс-шаралар жүргізілуде. Бұл – жай үгіт-насихат емес, әр отбасының тыныштығы мен болашағына бағытталған кешенді жұмыс, - деді Тілеген Әбішев.
Форум аясында қатысушылар ана мен бала құқығын қорғау, отбасындағы тәрбиенің маңызы, әйелдердің әлеуметтік қолдауға мұқтаж топтармен жұмысы және жастарды рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде тәрбиелеу мәселелерін кеңінен талқылады. Сондай-ақ бүгінгі қоғамның өзекті мәселесіне айналған лудомания тақырыбы қозғалып, бұл дерттің алдын алу және оған қарсы күрестің тиімді жолдары ұсынылды.
Жиын соңында Аналар кеңесінің белсенді мүшелері мен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясындағы үздік аналар «Алтын шаңырақ», «Күміс кереге», «Еліне азамат тәрбиелеген отбасы», «Аялы алақан», «Ел анасы» сынды номинациялармен марапатталды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі