Маңғыстауда жылына 100 тонна бекіре өсіріп, уылдырық өндіретін ферма ашылмақ

Маңғыстауда жылына 100 тонна бекіре өсіріп, уылдырық өндіретін ферма ашылмақ

Биыл маусым айында Түпқараған ауданына қарасты Қызылөзен ауылы маңында бекіре тұқымдас балық өсіру және уылдырық өндіру бағытындағы «RED PEARL» балық фермасының құрылысы басталады.

Швейцариялық инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылатын бұл кешен жылына 100 тоннаға дейін бекіре тұқымдас балық түрлерін бассейнде өсіріп, 10 тонна көлемде уылдырық өндіруді көздейді. Кешеннің толық іске қосылуы 2026 жылдың алғашқы тоқсанына жоспарланған. Жобаның жалпы құны – 5,6 миллиард теңге.

Бұдан бөлек, аймақта Каспий теңізінің қазақстандық секторында жылдық қуаттылығы 5000 тоннаға дейін жететін теңіз форелін тор қоршамада өсіру жобасы іске асырылып жатыр.

Алғашқы кезеңде, яғни 2025–2026 жылдары 300 тонна өнім өндірілсе, 2026–2027 жылдары бұл көрсеткіш 1600 тоннаға, ал 2029–2030 жылдары 5000 тоннаға дейін ұлғаюы жоспарланып отыр.

Форель өсіруге арналған тор қоршама жүйелері қазіргі уақытта Норвегиядан жеткізілуде. Жобаның іске қосылуы 2025 жылдың қыркүйек айына жоспарланған.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі