Маңғыстау облысы мен Қаныш Сәтбаев атындағы ұлттық университет бірлескен жобаларды жүзеге асырмақ

Маңғыстау облысы мен Қаныш Сәтбаев атындағы ұлттық университет бірлескен жобаларды жүзеге асырмақ


Бүгін, 12 мамыр күні Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректоры Мейрам Бегентаев бастаған делегациямен кездесті.

Басқосуда Маңғыстау өңірінің дамуында ғылым мен технологияны тиімді қолдану, инвестициялық тартымдылықты арттыру және өндіріс үдерістерін жаңғырту бағытындағы бірқатар жобалар талқыланды.

Кездесуде ҚазҰТЗУ делегациясы Маңғыстау облысының табиғи ресурстарын тиімді игеруге және индустриялық-инновациялық дамуына бағытталған бірнеше ғылыми жобаларды ұсынды. Олардың қатарында «Гидрогеологиялық атлас» әзірлеу, өңірдің жер асты су ресурстарын кешенді зерттеу, минералдық-шикізаттық әлеуетті қайта бағалау, кері осмос сүзгі элементтерін өндіру және кен орындарын цифрлық басқару секілді бастамалар бар.

У.М. Ахмедсафин атындағы гидрогеология және геоэкология институтының директоры Малис Абсаметов Маңғыстау облысының гидрогеологиялық жағдайын толық сипаттайтын, заманауи көпқабатты электронды карталар жинағынан тұратын атлас туралы таныстырып өтті.

- Атлас жер асты суларының қалыптасу жағдайларын, олардың қорлары мен режимдері, экологиялық жай-күйі мен болашақтағы даму болжамдарын қамтиды. Жоба нәтижесінде гидрогеологтар, ауыл шаруашылығы, құрылыс және экология саласындағы мамандар үшін күнделікті қолдануға қолайлы құрал болмақ, – деді Малис Абсаметов.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев ұсынылған ғылыми бастамалардың өңір дамуына қосар үлесін жоғары бағалап, әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

- Біз кез келген ғылыми ұсынысқа ашықпыз. Маңғыстау өңірінің болашағы үшін маңызды жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз. Облыс әкімдігі қажетті қолдау көрсетеді. Ең бастысы - жұмысты кешіктірмей бастап кету керек, - Аббат Өрісбаев.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі