Маңғыстауда «Сен Маңғыстауды не үшін жақсы көресің?» челленжі бастау алды

Маңғыстауда «Сен Маңғыстауды не үшін жақсы көресің?» челленжі бастау алды

Маңғыстау облысында туған жерге деген сүйіспеншілікті айқындайтын әлеуметтік желіде ерекше челленж басталды. «Сен Маңғыстауды не үшін жақсы көресің?» атты бұл бастаманың авторы — Азия-Тынық мұхиты аймағының ең үздік лингвисі атанған Ақтаулық дарынды оқушы. Жастардың бастамасын облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қолдап, өзі де челленжге қатысып, бүкіл өңір жұртшылығына жолдады.

«Өз басым Маңғыстауға әлемдегі ең ғашық адаммын деп есептеймін. Болашақта Маңғыстау - ең көрікті, өркениетті, бәсекеге қабілетті мамандар қалыптасқан, мәдениеті биік, ел қызығатын, мейман асығатын өлке боларына сенемін», — деген аймақ басшысы өз жазбасында.

Челленжге зиялы қауым өкілдері, депутаттар, қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар, Аналар кеңесінің мүшелері, студенттер, жастар мен мұнай, құрылыс саласының жұмысшылары белсенді түрде атсалысуда. Қатысушылар киелі өлкеге деген ыстық ықыласын білдіріп, жүрек жарды сөздерін жазба түрінде бөлісуде.

Көптеген жазбаларда Маңғыстаудың ұлы перзенттері — ақын-жазушылардың даналық сөздері де кеңінен қолданылуда. Мысалы, заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың:

«Маңғыстауға Құдай бәрін берген – астына да, үстіне де. Маңғыстау дегенде, Құдайдың сараңдығы ұстаған бір нәрсе бар, ол – біздің жерге өзен бермеген. Бірақ Құдай әділ болғандығынан да Құдай болып тұр ғой, сол жерінің бетіне бермеген дарияны осындағы халықтың көкірегіне берген», - деген терең ойы көптеген қатысушылардың жүрегінен орын тапты.