Нұрғазы Тәшібаев: «Әскери қызметші болу – бала күнгі арманым»

Нұрғазы Тәшібаев: «Әскери қызметші болу – бала күнгі арманым»


7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Бұл күні ел тыныштығы мен халықтың амандығы үшін қызмет етіп жүрген әскери қызметшілерге құрмет көрсетіледі. Мереке қарсаңында «Жауынгерлік ерлігі үшін» мемлекеттік наградасының иегері Нұрғазы Тәшібаевпен әңгімелестік, – деп жазады otpannews.kz.

Нұрғазы Тәшібаев 2001 жылы Шымкент облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келген. 2020 жылдың 15 желтоқсанынан бері №6656 әскери бөлімінде жедел қамтамасыз ету ротасының 1 взводының аға маманы ретінде қызмет атқарады. Әскери қызметші болу оның бала күнгі арманы болған.

«Әскери адамдардың формасына, тұлғасына қызығатынмын. Екінші жағынан, ата-анам мен аға-жеңгемнің ықпалы болды. Жалпы әскери адамға қойылатын талап өте жоғары, әуелі жұмысқа аса жауапкершілікпен қарап, қызметті қырағы атқару керек. Қызмет барысында ондай тапсырмалар жиі кездеседі. Қоғамның тыныштығын күзететін болғандықтан әртүрлі жағдайлармен бетпе-бет келеміз. Соның бірі ас үй пышағымен адамға шабуыл жасаған қылмыскердің ізіне түскенім бар. Қоян-қолтық ұрысты үйренгеніміздің арқасында, қылмыскерді дер кезінде тұтқындағаным есімде, - дейді әскери қызметкер.

Нұрғазы Тәшібаевтың пікірінше, оған әскери дайындықтың әрбір қыры маңызды. Бірақ ол үшін ең бастысы – психологиялық тұрақтылық пен шешім қабылдау қабілеті екен.

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі оның үздік әскери жасақ басшысы ретінде бірнеше мәрте көзге түсуіне байланысты берілген. Бұл марапат оған жауапкершілік жүгін еселей түскенін айтқан Нұрғазы жастарды отансүйгіш болуға шақырды.

– Жастарға айтарым – әскерден қашпаңыздар. Әскер қауіпті емес, қайта адамды шынықтыратын, шыңдайтын орта. Әскери қызметші болғысы келетіндер шынайы ниетпен келуі керек, – дейді ол.

Бүгінгі кейіпкеріміздің әңгімесі – жас буынға үлгі, ел алдындағы борышты өтеудің айқын көрінісі. Барша әскери қызметшілерге мықты денсаулық, тыныш өмір мен сарқылмас күш тілейміз.