Нұрдәулет Қилыбай Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне Президенттің құттықтауын табыстады

Нұрдәулет Қилыбай Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне Президенттің құттықтауын табыстады

Бүгін, 9 мамыр – Жеңістің 80 жылдығына орай Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ұлы Отан соғысының ардагерлері Василий Салазкин мен Ольга Заривняктың шаңырағына барып, майдангерлерге барша маңғыстаулықтардың атынан ризашылығын білдірді.

Кездесу барысында өңір басшысы Жеңіс жолында жанын шүберекке түйіп, от кешкен ардагерлерге Президенттің құттықтауын жеткізіп, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін тақты.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, сіздер Отанға деген сүйіспеншіліктің, жанқиярлық пен ерліктің айқын үлгісін көрсеттіңіздер. Ерліктеріңізді әрдайым жадымызда ұстаймыз. Еліміздің тыныштығы мен жарқын болашағы үшін от кешкен сіздерге барша маңғыстаулықтар атынан алғыс айтамын. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, амандық тілеймін! – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Василий Салазкин – небәрі 14 жасында майданға аттанып, І Қиыр Шығыс майданы құрамында жауға қарсы соғысқан.

Ал, Ольга Заривняк 13 жасынан соғыс жылдарының ауыртпалығын бастан өткерген. Ол Беларусь жерінде, Брест облысының Клещели қаласында партизандық қозғалысқа қатысып, байланысшы қызметін атқарған.

Ардагерлерге құрмет ретінде үйлерінің алдында әскери оркестр орындауында патриоттық әндер шырқалды.

Айта кетейік, Жеңістің 80 жылдық мерекесіне орай Маңғыстаудағы көзі тірі қос соғыс ардагеріне 5 млн теңгеден берілді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі