Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері,тыл еңбеккерлері, ардақты маңғыстаулықтар!

Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері,тыл еңбеккерлері, ардақты маңғыстаулықтар!

Сіздерді Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

9 мамыр – ғасырлардан жеткен қаһармандық пен қайсарлықтың, отансүйгіштік пен елдік рухтың белгісі. Бұл – тарихи қастерлі күн. Бұл – жанын шүберекке түйіп, ұрпағына бейбіт таң сыйлаған жауынгерлердің ерен ерлігіне тағзым етер ұлы күн.

Сұрапыл соғыстың от-жалынына шарпылып, елге Жеңістің шұғылалы таңын жақындатқан әрбір жауынгердің, күн-түн демей тылда еңбек еткен әрбір азаматтың алдында біз бас иеміз. Батыр бабаларымыздың жанқиярлық ерлігі – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның берік іргетасы.

Өкінішке қарай, жыл өткен сайын соғысқа қатысқан ардагерлердің қатары сиреп барады. Бүгінде Маңғыстау облысында көзі тірі небәрі екі ардагер ғана қалды. Олар – тұтас бір дәуірдің куәсі, ұрпаққа үлгі, елдік пен ерліктің мәңгілік шамшырағы. Оларға деген құрмет – елге деген құрмет.

Қадірлі ардагерлер!
Сіздердің ел үшін еткен ерен еңбектеріңіз, от пен оқтың ортасынан аман алып шыққан ерліктеріңіз – ұлттың рухын асқақтатқан алтын шежіре. Біз Сіздерге мәңгілік қарыздармыз. Қазіргі және келер ұрпақ осы ұлы ерліктің қадіріне жетіп, бейбіт елдің тұғыры биік болуына қызмет етуі – басты парыз.

Баршаңызға мықты денсаулық, баянды ғұмыр, отбасыңызға амандық тілеймін. Ел іргесі тыныш, жұртымыздың мерейі үстем болсын! Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!

Құрметпен,
Маңғыстау облысының әкімі
Нұрдәулет Қилыбай