9 мамыр Жеңіс күні 80 жасқа толған маңғыстаулық еңбек ардагерлері құрметке бөленді. Еңбек ардагерлері Күлдір Аралбаева мен Жеңіс Тәпесов 1945 жылдың 9 мамырында дүниеге келген.
Жаңаөзенге қарасты Теңге ауылының әкімі Жалғас Агисов, «Аманат» партиясы Жаңаөзен қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Айсұлу Исаева және ауыл азаматтары мерейлі жасқа келген Күлдір Аралбаеваны туған күнімен құттықтап, құрмет көрсетті.
-Жеңістің 80 жылдығы сізді өмірдің жаңа белесіне бастауда. Өнегелі отбасының отағасы Базарбай Аралбаев аға екеуіңіз көтерген алтын шаңырақ шырайлы, ұл-қыздарыңыз үлгілі, абыройлы боп, өсіп-өнуде. Мұнайлы қала – Жаңаөзеннің тарихында өз қолтаңбасын қалдырған, сауда саласында серпінді еңбек етіп, қаламыздың қоғамдық-әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосқан жан ретінде әркез құрметке лайықсыз,- деді ауыл әкімі Жалғас Агисов.
Күлдір Аралбаеваның әкесі 1941 жылы майданға аттанып, Сталинград шайқасында қатардағы атқыш болып, ұрыс қимылдарына қатысқан. 1944 жылы алған ауыр жарақаттан елге оралып, тылдағы еңбекке араласты. 1945 жылы 9 мамырда Күлдір Аралбаева өмірге келді. Ол саналы ғұмырының басым бөлігінде сауда саласында қызмет атқарып, зейнетке шықты. Күлдір Аралбаева құттықтап келген жастарға ақ тілегін арнады.
Маңғыстау ауданының әкімі Ғалымжан Ниязов шетпелік Жеңіс Тәпесовты 80 жас туған күнімен құттықтады.
Жеңіс Тәпесов - 1945 жылдың 9 мамыры дүниеге келген. Еңбек жолын ерте бастаған Жеңіс Тәпесов 1962 жылы аудандық партия комитетінде есеп бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғанға дейін аудандық «Жаңа өмір» газетінде әдеби қызметкер болып еңбек етті.
-Өмір жолыңыз – еліміздің тарихындағы ең бір қиын-қыстау кезеңдермен сабақтас. Сіздің балалық шағыңыз бен ержеткен кезіңіз соғыстан кейінгі қиын жылдармен, елді тұрмысын қайта қалпына келтірумен тығыз байланысты. Сол жолдағы қажырлы еңбегіңіз бен өмірлік тәжірибеңіз бүгінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге. Жеңіс таңы атқанда өмір есігін ашқан сізге зор денсаулық, бақ-береке, отбасыңызға амандық тілеймін, - деді аудан әкімі Ғалымжан Ниязов.
Қарапайымдылық пен еңбекті өмірінің шамшырағына айналдырған Жеңіс Тәпесовтың ғұмыры кейінгі буын үшін үлкен тәрбие мектебі.
-Мен өмірге Жеңіс күні келіппін. Атымды да соған орай Жеңіс деп қойыпты. Сол бір тарихи күннің рухы мені өмір бойы алға жетелеп келеді, - деді Жеңіс Тәпесов.