Астанада өтетін ауқымды әскери шеруге Маңғыстаудан 10 ардагер қатысады

Астанада өтетін ауқымды әскери шеруге Маңғыстаудан 10 ардагер қатысады

Жеңістің 80 жылдығына орай Астанада өтетін мерекелік парадқа Маңғыстау облысынан 10 ардагер қатысады. Ауқымды әскери шеруге шақырылғандардың бірі тыл ардагері Күнбетбай Әлібекұлы Жеңіс күні қарсаңында 88 жасқа толды. Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов туған күн иесінің шаңырағына арнайы барып құттықтап, жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік медалін табыстады, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

- Туған күніңізбен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан жеңіс мерекесіне орай арнайы мерекелік медалімен сізді марапаттауға келіп тұрмыз. Жеңісті жақындатуға қосқан еңбегіңізге алғыс айтамыз!, – деді Әбілқайыр Байпақов.

Күнбетбай Әлібекұлы 1937 жылы 5 мамырда Маңғыстау облысы Қызылөзен ауылында дүниеге келген. 1941-1945жылы колхозда жалғыз анасына шөп жинап, мал бағуға жәрдемдескен. 1955-1960 жылдары Әзірбайжандағы Әзілбеков атындағы институттың мұнай және газ факультетін аяқтап, әскери кафедрадан дәріс алды. Сондай-ақ 1969-1971 жылдары Вьетнамда тәжірибе алмасу бойынша жұмыс істеген. 1972-2007 жылдары Маңғыстау экспедициясында геолог маманынан бастап, экспедиция басшысы болып қызмет атқарды.

Жетібай мұнайын алғаш игеруге қатысқандардың бірі, тыл ардагері Күнбетбай қарт мерекемен құттықтап келген жандарға шынайы ризашылығын білдірді.