Облыс әкімдігінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері талқыланды

Облыс әкімдігінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері талқыланды

5 мамыр күні Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы мен «Жәңгір хан» атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры Асқар Нәметовтің қатысуымен өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған жиын өтті.

Басқосуда ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер мен даму перспективалары талқыланды. Маңғыстау облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ботагүл Құттымұратова өңір агросаласының қазіргі жағдайы жөнінде баяндама жасады.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығын дамытуға серпін беріп отырған негізгі тетіктердің бірі – жеңілдетілген несиелер.

- Биыл «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 217 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Негізгі басымдық ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға берілмек. Жыл соңына дейін 33 кооператив құру жоспарлануда, – деді Ботагүл Құттымұратова.

Сонымен қатар жиында балық шаруашылығының қазіргі ахуалы, азық-түлік өнімдерін өндіру саласындағы үрдістер мен ветеринария саласындағы жұмыстар жайлы да басқарма басшылары баяндама жасады.

Облыс әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы ауыл шаруашылығын дамыту – өңірдің стратегиялық маңызды бағыттарының бірі екенін айтып, бұл саладағы кез келген бастамаға облыс әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сондай-ақ ол ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, білім беру мекемелерімен ынтымақтастықты арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі