Соғыс жылдары Маңғыстау майданды көмір және балықпен қамтамасыз етті

Соғыс жылдары Маңғыстау майданды көмір және балықпен қамтамасыз етті


Ұлы Отан соғысы жылдарында Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының халқы майдан даласындағы солдаттарды көмір және балықпен қамтамасыз етті.

Отты жылдары Таушық ауылында көмір шахтасы үздіксіз жұмыс істеді. Шахтада жергілікті халықпен бірге Маңғыстау жеріне көшірілген украиналық кеншілер еңбек етті. Олар Донбасс жау қолында қалған соң Қазақстандағы қара алтынды өндіру үшін арнайы келген. Соғыс жылдарында Таушық көміріне сұраныс артты. Кеншілер жылына 600-700мың тонна көмір өндірді.

Көмір тресінің жұмысшыларын баспанамен қамту үшін 72 адамдық 2 үй салынды. Таушықтың солтүстінде шахтерлар мекені бой көтерді. Жеңіске жету үшін қиын жағдайға қарамастан жұмысшылар күні-түні еңбек етті. Сұрапыл жылдары Маңғыстауға көшіп келушілердің арасында агроном, жүргізуші, дәнекерлеуші, есепші мен заңгер де болды. Оларды Маңғыстау халқы құшақ жая қарсы алды. Соғыстағы ауыр күндерге қарамастан қолындағы барымен бөлісті.

Түпқараған ауданындағы Баутино теңіз айлағы да тарихтан сыр шертетін жердің бірі. Аталған айлақтан соғыс жылдары маңғыстаулық сарбаздар майдан даласына аттанған.

Ал «Баутин балық комбинатында» Каспий теңізінен ауланған балық өңделіп, теңіз арқылы майданға жөнелтіліп отырған.

Соғыс жылдары Түпқараған ауданында кірпіш те өндірілген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, 1943 жылдың 1 мамыры соғыстан қажыған елдің еңсесін түсірді. Таушықтың терістік жағындағы кірпіш зауытының тұсына неміс басқыншыларының ұшағы екі бомбаны бірінен соң бірін тастап, зауыттың күл талқанын шығарған. Бүгінде аталған жерге ескерткіш қойылған.