Ел тыныштығын күзетіп жүрген қорғаныс бөлімдерінің бірі-сүңгуірлер ротасы. Әскери сүңгуірлерге артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Сүңгуірлер - су астында жүріп, лаңкестер басып алған кеме, теңіз инфроқұрылымына дыбыссыз жақындап, жаудың көзін жоюға машықтанған мамандар. Oсындай қауіп-қатердің бел ортасында жүрген сарбаздардың бірі - Жәнібек Саликбаев
Капитан-лейтенант Жәнібек Саликбаев — Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің арнайы мақсаттағы су асты диверсияға қарсы күштері мен су астын минадан тазарту ротасының командирі. Ол 2007–2014 жылдары Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебінде білім алып, 2014–2018 жылдары Қытай Халық Республикасының Далянь қаласындағы Теңіз үсті кемелер академиясын (Dalian Naval Academy) тәмамдаған. Халықаралық деңгейде әскери білім алған Жәнібек Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің кәсіби деңгейін арттыруға және су асты қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып келеді.
Жәнібек басқаратын бөлімше Каспий теңізіндегі Қазақстанның су айдындарын қорғауда маңызды рөл атқарады. Олар су асты диверсиялық әрекеттерге қарсы тұру, су астындағы миналарды анықтау және залалсыздандыру, сондай-ақ теңіздегі стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындайды.
— Біз су астында әрекет етеміз. Біздің қозғалысымызды ешкім байқамауы керек. Түнде бізді ешкім көрмейді, себебі гидрокостюмдеріміз қара түсті. Су астында атуға арналған арнайы тапаншаларымыз бар, олар СПП-1 деп аталады, — деп түсіндірді сүңгуірлер ротасының командирі Жәнібек Саликбаев.
Ротаның басты мақсаты – кемелер шоғырланған пирстер мен теңіз айлақтарында диверсиялық қауіптердің алдын алу және оларды жан-жақты қорғау. Сүңгуірлерді дайындау – ұзақ әрі күрделі процесс. Себебі толыққанды жауынгерлік жүзгішті даярлау үшін кемінде үш жыл уақыт қажет. Бұл кезеңде олар физикалық, психологиялық дайындықтан өтіп, арнайы су асты техникасымен жұмыс істеуді, жасырын әрекет етуді меңгереді.
Су асты жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Ең алдымен, сүңгу кестесіне сай декомпрессия және қажетті үзілістер міндетті түрде орындалады. «Бадди» жүйесі, яғни сүңгуірлердің жұптасып жұмыс істеуі – қауіпсіздікті арттыратын маңызды талаптың бірі. Сонымен қатар, медициналық-эвакуациялық топ үнемі дайын тұрады. Жұмыс барысында тұрақты әрі резервті байланыс арналары қамтамасыз етіледі. Қауіпсіздік аймағы анық белгіленіп, арнайы шекаралық белгілер қойылады. Бұл – су астындағы кез келген тапсырманың қауіпсіз әрі сәтті орындалуы үшін маңызды,-дейді ол.
Еске сала кетейік, бес мемлекет қатысқан бірлескен оқу-жаттығу кезінде рота жеке құрамы Әзірбайжан мемлекетінің сүңгуірлерімен бірлесе отырып, қойылған тапсырмаларды толық әрі сапалы орындап шыққан болатын. Бұл – сарбаздардың кәсіби даярлығы мен өзара үйлесімді жұмысының айқын дәлелі.