Маңғыстауда Бірлік күніне орай мыңнан астам адам жаппай жүгіруге қатысты

Маңғыстауда Бірлік күніне орай мыңнан астам адам жаппай жүгіруге қатысты

Бүгін, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Ақтау қаласында ел бірлігі мен этносаралық татулықты дәріптеуге бағытталған «Бірлік жүгірісі» бірегей жарысы өтіп, оған мыңнан астам адам қатысты.

Жүгіру 9-шағынаудандағы «I love Aktau» инсталляциясынан басталып, 15-шағынаудандағы Амфитеатр алаңында мәресіне жетті. 2 шақырымдық қашықтықты еңсеруге тек әуесқой спортшылар ғана емес, түрлі жастағы тұрғындар, мүмкіндігі шектеулі балалар, мемлекеттік қызметкерлер, этномәдени бірлестіктер өкілдері мен еріктілер де бірауыздан атсалысты. Шара соңында жеңімпаздар арнайы кубокпен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Мереке аясында Амфитеатр алаңында «Қазақстан – бірлік пен татулықтың мекені» атты театрландырылған концерт, қолөнершілер көрмесі мен мотошеру ұйымдастырылып, қала тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлады.

Салтанатты сәтте Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев пен Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов құттықтау сөз сөйлеп, жұртшылыққа бірлік пен татулықтың маңызын ерекше атап өтті.

Бұдан бөлек, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Күшіміз бірлікте» атты шағын футбол турнирі де өз мәресіне жетті. Этносаралық татулық пен жастар арасындағы достықты спорт арқылы нығайтуды көздеген додада бірінші орынды Маңғыстау облыстық ҚХА командасы жеңіп алса, екінші орын «Русское землячество» бірлестігіне бұйырды. Үздік үштікті «Достлуг» әзірбайжан этномәдени бірлестігі түйіндеді. Турнир барысында көзге түскен ойыншылар жеке аталымдармен марапатталды.

Айта кетейік, кешкісін теңіз жағалауында Бірлік күніне арналған «Бір шаңырақ астында» атты мерекелік концерт өтеді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі