30 сәуір Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында ҚР Президентінің жарлығымен 50-ден астам азамат «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдегі этносаралық татулықты нығайтуға және қоғамдық келісімді дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттап, мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Ассамблеяның бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналғанын атап өтті. Бұл – еліміздегі этносаралық қатынастарды үйлестіруде теңдесі жоқ қоғамдық институт. 1995 жылы құрылған ұйымға биыл 30 жыл толып отыр. Бүгінде Маңғыстау өңірінде 50-ге жуық этнос өкілі береке-бірліктің берік негізін қалыптастырып келеді. Бұл – сіздердің табанды еңбектеріңіздің нәтижесі. Бірлігіміз бекем, мереке құтты болсын, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Құрметке ие болғандардың қатарында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы, «Жомарт жан» орталығының жетекшісі, Ақсақалдар кеңесінің және Аналар кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйым басшылары, сондай-ақ өңірдегі белсенді қоғам өкілдері бар.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі