29 сәуір күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Lester Invest Group» ЖШС бас директоры Ақылбек Ахметовпен кездесті. Жиында Ақтау қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауытының құрылысы жөніндегі инвестициялық жобаны талқылады.
Жобаның басты мақсаты – күн сайын 200 тонна тұрмыстық қалдықты өңдеп, олардан жылына 26,5 млн кВт/сағ көлемінде электр энергиясын өндіру.
Зауытта қуаттылығы 7 МВт болатын қазандық орнатылып, заманауи технологиялар негізінде қауіпсіз әрі тиімді қалдық өңдеу процесі жүзеге асырылады.
Нұрдәулет Қилыбай бұл жобаның өңір үшін маңыздылығын атап өтіп, әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді. Жиында тараптар өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға уағдаласты.
Айта кетейік, 2020–2023 жылдар аралығында Ақтау қаласында жыл сайын 85–94 мың тонна аралығында тұрмыстық қалдықтар жиналған. Қалдықтардың 75%-ға жуығы энергияға айналдыруға жарамды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі