Бүгін, 29 сәуір күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Shalkar Innovations» ЖШС-ның бас директоры Данияр Байғараевты қабылдады. Кездесу барысында өңірдегі қатты тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын басқару жүйесін цифрландыру және дамыту мәселелері талқыланды.
Басқосуда компания басшысы жобаның негізгі бағыттары мен артықшылықтары туралы мәлімет беріп, жүйенің жұмыс істеу механизмі туралы таныстырылым жасады.
Жоба аясында тұрмыстық қалдықтарды жинау мен өңдеудің бірыңғай цифрлық жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе процесті автоматтандыруға, GPS бақылау мен онлайн мониторинг арқылы ашықтық пен тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Яғни, жоба бойынша арнайы бағдарламаның көмегімен қоқыс жәшіктерінің уақытылы тазалануы бақыланады.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай бастаманың өңір үшін өзектілігін атап өтіп, жобаны жан-жақты пысықтап, іске асыру бойынша тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.
- Қалдықтарды басқарудың заманауи әрі тиімді жүйесін енгізу – аймақтың тазалығына, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне ықпал етеді. Біз бұл бастаманы қолдаймыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі