Ақтауда Президент шыршасы өтті

Ақтауда Президент шыршасы өтті

24 желтоқсанда, Ақтауда дәстүрлі Президенттік жаңажылдық шырша мерекесі ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шараға 200 бала қатысты. Олардың қатарында жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, сондай-ақ оқуда, спортта және шығармашылықта жетістікке жеткен дарынды балалар бар.

Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.

- Балалар – біздің болашағымыз. Олардың әрқайсысы бақытты балалық шаққа лайық. Мемлекет басшысы әрдайым жас ұрпаққа қолдау көрсетіп, оларды барынша қамқорлыққа алады. Бүгінгі мерекелік шырша – соның жарқын үлгісі. Сіздердің сапалы білім алып, мықты маман атануларыңыз үшін өңірде жаңа мектептер ашылуда. Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, бақыт пен сәттілік тілеймін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Шара аясында балалар үшін түрлі театрландырылған қойылымдар, ойын-сауық бағдарламалары ұсынылды. Аяз Ата, Ақшақар және 2025 жылдың символы – жылан кейіпкерлері қатысқан бағдарлама балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен бірге, аймақтың шығармашылық ұжымдарының музыкалық шоуы өтіп, балалар ән айтып, би билеп, мерекелік шыршаның шамдарын жағу рәсіміне қатысты.

Сондай-ақ, мерекеге қатысушы балалар үшін Әбіш Кекілбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына және Қабиболла Сыдиықов атындағы әмбебап кітапханаға экскурсия ұйымдастырылады.

Айта кетейік, 5–24 желтоқсан аралығында «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында өткен «Ғажайыптар орнағанда» атты Жаңа жылдық карнавалға облыстан 12 дарынды оқушы жіберілді. Ал 25 желтоқсанда Астанада Президент атынан өтетін «Жаңа жыл республика төрінде» республикалық шыршаға Маңғыстау облысынан әлеуметтік қолдау санатындағы 5 бала барады.

Шара соңында барлық балаларға Қазақстан Республикасы Президентінің атынан арнайы жаңажылдық сыйлықтар табысталды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі