Мұнайлы ауданында инфрақұрылым мен әлеуметтік жағдайды жақсарту мақсатында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда.
Ауданда жалпы ұзындығы 695,6 шақырым тас жол бар. Оның ішінде, аудандық маңызы бар 95,3 шақырым жол 100% асфальт жабындысымен қамтамасыз етілген. Биыл ауылішілік жолдарды жақсарту аясында 70,6 шақырымды құрайтын 11 автокөлік жолының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, ұзындығы 50,8 шақырым болатын 6 автокөлік жолына орташа жөндеу жұмыстары орындалуда.
Жолаушылар тасымалын жақсарту және тұрғындардың қолайлы қозғалысын қамтамасыз ету бағытында аудан орталығын облыс орталығымен байланыстыратын №107 автобус маршруты кеңейтілді. Тұрғындардың сұранысы бойынша Қызылтөбе, Баянды, Атамекен және Батыр ауылдарын аудан орталығымен байланыстыратын ауданішілік 4 жолсапар іске қосылды. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар жандардың еркін қозғалысы үшін инвотакси қызметі енгізілді.
Коммуналдық қызметтерді жақсарту мақсатында 2 жүксалғыш тіркемесі бар трактор, 3 «Нива» жеңіл автокөлігі, ассенизатор және су сорғыш құрылғылармен қамтылды.
Сондай-ақ, биыл халықты баспанамен қамту үшін 191 пәтер сатып алынып, жыл соңына дейін кезең-кезеңімен табыстау жоспарланып отыр.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі