Жаңаөзенде мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған орталық ашылды

Жаңаөзенде мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған орталық ашылды

24 сәуірде Жаңаөзенде "Өзенмұнайгаз" АҚ, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ еншілес кәсіпорнының қаражатына салынған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған "Алға"спорт клубының ғимараты ашылды.

Спорттық нысанның ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, "ҚазМұнайГаз "ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, "Өзенмұнайгаз" АҚ Бас директоры Нұрдәулет Қилыбай, Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаев қатысты. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ғимарат мүмкіндігі шектеулі және тірек-қимыл аппараты проблемалары бар адамдарға арналған тренажерлармен жабдықталған, ішіне лифт пен пандус орнатылған.

"Алға" спорт клубында бүгінде 100-ге жуық адам спортпени шұғылданады. Олардың қатарында республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін чемпиондары бар. Мәселен, өткен жылы Маңғыстаудан шыққан спортшылар түрлі жарыстарға, соның ішінде Паралимпиада және Азия ойындарына қатысып, 2024 жылы Парижде өтетін алдағы Паралимпиада ойындарына іріктеуден өтті.

"Алға" спорт клубын 1993 жылы Амантұрлы Қылышбаев құрған. Спорт клубында 17 секция жұмыс істейді, олардың арасында отырып волейбол ойнау, бочча, тоғызқұмалақ, армрестлинг, футбол, жеңіл атлетика, теннис, жүзу және тағы басқа спорт түрлері бар.

- Біз спортшыларға қолдау көрсетіп, олардың үлкен спорттық жетістіктеріне үлес қосқанымызды мақтан етеміз. Әркім жеңістің қуанышын сезініп, басқаларға үлгі болатын, өз табандылығы арқылы шабыт беретін осындай жандарға жағдай жасап отырғанымыз қуантады. Шынында да, сайып келгенде, спорт — бұл тәннің жеңісі ғана емес, сонымен қатар рухтың күші мен ерік-жігердің жеңісі», - деп атап өтті "ҚазМұнайГаз "ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев мүмкіндігі шектеулі спортшылар үшін спорт нысанын ашу спортқа инклюзивті көзқарасты дамытуда және әртүрлі қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік қолдауда маңызды әрі оң қадам болатынына сенім білдірді.

- Бұл кешен жай ғана орталық емес, сонымен қатар, біздің қоғамдағы инклюзия мен теңдіктің маңыздылығын көрсететін символға ие нысан. Бұл жер әркім өз потенциалын ашып, мотивация және мүмкіндік таба алатын орын ретінде қызмет етуге арналған. Алдағы Паралимпиада ойындары біздің спортшыларымыз үшін өзінің керемет талантын ғана емес, сонымен қатар мызғымас рухани күшін көрсетуге мүмкіндік береді. Біздің спортшылар тек жақсы нәтиже көрсетіп қана қоймай, табандылық пен рухани күштің үлгісін көрсете отырып, өзгелерді шабыттандыратынына сенімдімін», - деді Нұрлан Ноғаев.