Маңғыстауда Ақмарал Әлназарова мен Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен Денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті

Маңғыстауда Ақмарал Әлназарова мен Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен Денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті

28 наурызда Маңғыстауға ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова келді. Делегациямен бірге ол Жаңаөзендегі көпсалалы қалалық ауруханаға барып, Мұнайлы аудандық ауруханасының стационарындағы құрылыс барысымен танысты. Ақтауға жасаған сапары аясында Достық үйінде аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

2023 жылдың 12 айында Маңғыстауда ана өлімінің көрсеткіші 31%, нәресте өлімі 11%, туберкулезден болатын өлім 47% төмендеген. Бұл туралы Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров айтып берді.

"Денсаулық сақтау саласының маңызды көрсеткіші – ана мен бала өлімі. Облыста 2023 жылы ана өлімінің екі жағдайы тіркелді, 100 мың тірі туғандарға шаққандағы көрсеткіш 9,6% құрады. 1 жасқа дейінгі нәресте өлімінің деңгейі 13,7% төмендеді. Жалпы өлім деңгейі 1000 тұрғынға шаққанда 4,07 құрады. Жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім 31,5%, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 12,1% өсті, сонымен бірге туберкулезден болатын өлім-жітім 46,7% азайды. 2022-2023 жылдары респираторлық аурулардан болатын өлім-жітім бір деңгейде қалып, 100 мың тұрғынға шаққанда 26,7 құрады", - деді Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров.

Денсаулық сақтау саласындағы басты проблемалардың бірі – кадр тапшылығы. Қазір облыста 206 маман жетпейді.

Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, мамандар тапшылығы мәселесін шешу үшін 2022 жылы облыс әкімінің 157 гранты бөлінген, ал 2023 жылы грант саны 198-ге дейін ұлғаяды (бакалавриат – 165, интернатура-33).

"Дипломмен ауылға" бағдарламасы ауылдық жерлерде жұмыс таңдаған мамандарға маңызды қолдау көрсетеді. 116 миллион теңге көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы алу үшін 335 маман жүгінді, сондай-ақ 157 маманға жеңілдетілген несие бойынша тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 811 миллион теңге бөлінді. Біз мемлекеттік қолдау шараларын күшейтіп, мамандарды ауылда жұмыс істеуге ынталандыру арқылы осы бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз", - деді Нұрлан Ноғаев.

Тегін амбулаториялық дәрілік заттармен қамтамасыз етуге бөлінген қаражат көлемі 1,5 есеге ұлғайып, 2024 жылы 8,8 миллиард теңгеге жетті. Өйткені, ең алдымен, қымбат емдеу препараттарын қоса алғанда, тегін дәрі-дәрмектер тізімі кеңейді.

Сонымен қатар, кездесу барысында медициналық қызмет көрсететін кәсіпкерлер міндетті медициналық сақтандыру қорының Маңғыстау филиалының жұмысына қатысы сын айтты.

Бұған жауап берген денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Маңғыстау филиалының жұмысына байланысты шағымдардың мән-жайын зерттеу үшін біздің өңірге комиссия жіберу туралы тапсырма берді.

Өз кезегінде, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ресурстарды тиімсіз пайдалану медицина саласы үшін елеулі қаржылық жүктемеге әкеп соқтыратынын атап өтті.

"Астанада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, әлеуметтік бағдарланған мемлекеттің басты міндеті – барлық азаматтар үшін тең мүмкіндіктер жасау, шынында да көмекке мұқтаж адамдарды қолдау. Біздің ортақ мақсатымыз - әрбір адамға жоғары деңгейде медициналық қызметтердің барлық түрін ұсыну. Әр адам ай сайынғы жарналарды не үшін төлейтінін түсінуі үшін бізге ашықтық қажет. Медицина - біздің жұмысымыздағы басым бағыттардың бірі, сондықтан біз жастарға осы салада тегін білім алуға грант бөліп отырмыз. Сапалы білім алған олар халыққа көмектесу үшін аймаққа келіп жұмыс істейді", - деді сөзін қорытындылаған Нұрлан Ноғаев.