Маңғыстауда егін шаруашылығы мәселелері талқыланды

Маңғыстауда егін шаруашылығы мәселелері талқыланды

6 маусымда Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында өңірдегі өсімдік шаруашылығындағы шаруа қожалықтарының жұмыстары мен егістік алқабтарының өнімділігі талқыланды, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қ. Тәшімовтың айтуынша, облыста өсімдік шаруашылығында 148 шаруа қожалығы бар. Олар басым бағытта көкөніс, бақша дақылдарын өсіреді.
Өсімдік шаруашылығы бағытында 2022 жылдың қорытындысы бойынша егістік алқабы жалпы облыс бойынша 1 081 гектарды құраған, бұл өткен жылға қарағанда 31,1%-ға жоғары. Ал алынған өнім 26,6 мың тоннаны құраған.

2023 жылы нақтыланған егістік алқабы 1150 гектарға, оның ішінде 977 гектарға тамшылата суару технологиясымен өсірілуде. Одан 27 мың тонна өнім алу жоспарланған.

Егіншілікпен айналысатын шаруаларды мемлекеттік қолдау мақсатында, 2023 жылға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялауға – 22,4 млн. теңге, минералдық тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға  21,2 млн. теңге бөлінген.

-Өңірдегі ауыл шаруашылығы мәселесі өте маңызды. Бізде қазіргі таңда егін шаруашылығы кешеуілдеп қалған салалардың бірі. Егіншілік жерлердің жайын шаруалардан артық ешкім білмейді. Мен Маңғыстауда ештеңе өспейді дегенге сенбеймін. Біздің басқа өңірлерге қарағанда - су мәселесі бар. Бірақ осы мәселені шешу үшін қабылданып жатқан шаралар мен бөлініп жатқан субсидиялар бар. Егер бұл субсидия жетпейтін болса, біз жергілікті бюджет есебінен шаруаларға көмектесуге әрдайым дайынбыз. Мемлекет басшысы «Субсидияны рәсімдеу тәртібі түсінікті әрі толығымен ашық болуға тиіс. Шағын және орта шаруашылықтар үшін субсидия толығымен қолжетімді болуы керек» деген болатын. Шаруалардың көбі субсидия барын білмейді. Осыны қолға алу керек, - деді өңір басшысы Нұрлан Ноғаев.

Сонымен қатар, кеңесте Маңғыстау облысы туризм басқармасының басшысы Мәулен Ғабдулқалиев 2023 жылы Маңғыстауда туризм саласында 190,9 млрд. теңгеге 18 іс-шара іске асыру жоспарланғанын айтты.

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев аппаратық кеңесте туризм – экономикамыздың басым бағыттарының бірі екенінін атап, өңірдегі туристік саланы дамытудың маңыздылығын еске салды.