Ақтауда геологтар күні аталып өтті

Ақтауда геологтар күні аталып өтті

30 наурызда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен Геолог күніне арналған салтанатты шара өтті, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Шараға Қазақстандық Мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек Қуандықов, маңғыстаулық геологтар, сала ардагерлері, кен орындарының басшылары мен облыс студенттері қатысты.

Шара барысында ардагер геологтар Маңғыстаудың мұнай-газ саласындағы еңбектеріне тоқталып, естеліктерімен бөлісті. Жас мамандар мен болашақ геологтар өз ризашылықтарын білдіріп, геология саласының ардагерлерін құттықтады.

Жиын барысында бірқатар маманға облыс әкімінің алғыс хаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, Геология комитетінің және "Kazenergy" қауымдастығының марапаттары табысталды.

Ардагер геолог-барлаушы Бисембай Бисенғалиевтің «Мен геолог-барлаушымын» және «Киелі өлкені өзгерткен барлаушылар» атты кітаптарының тұсаукесері өтті. Кітапта геология саласының қыр-сыры, барлаушылардың еңбегі мен өзі туралы естеліктер баяндалады.

Айта кетейік, бүгінде облыста 200-ге жуық геолог жұмыс істейді.

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев ел экономикасының дамуына үлес қосып жүрген геологтарды мерекемен құттықтады.

– Жер асты байлығын халық игілігіне жаратуда, елдегі экономикалық ахуалдың артуына тау-кен өндірісі ардагерлері мен мамандарының еңбегі ұшан-теңіз. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан тау-кен өндірісінің дамуына, орта, арнаулы, жоғары оқу орындарында білікті мамандарды даярлауға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу ісіне тың серпін беру қажеттігін атап өтті. Бүгінгі таңда өңірдегі кенорындарында геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. Бұл мұнай қорын анықтауға, мұнай мен газ өндіру көлемін арттыруға және мұнай компанияларына қызмет көрсететін мекемелердің жұмыс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді, - деді Нұрлан Ноғаев.